Патриоттық тәрбие — отаншылдық кепілі

ilovekz

Қазіргі кезеңде патриотизм тақырыбы, оның ішінде қазақстандық патриотизм мәселесі барлық қоғамдық, мемлекеттік, саяси, мәдени-рухани тақырыптардың өзегіне айналуда. Бүгінгі таңда  жеке адамдар арасында да, әлеуметтік топтар арасында да шиеленістері мол, қарқынды дамып жатқан заманда, өзіңнің кімді жақтайтыныңды, қажеттілік туындай қалса кімді қорғайтыныңды, қай елдің мүддесі үшін еңбек ететініңді, өз әлеуетің мен күшіңді, идеяларыңды қай елдің игілігіне қолданатыныңді білген абзал. Осының бәрінен патриотизм сынды күрделі сезім қалыптасады. Барлық елдер өз азаматтары, әсіресе жастар жағы патриот болғанына, сол елдің жетістіктері және мәдениетін мақтан тұтып, ел байлығын көбейтіп, өзінің және өз балаларының болашағын осы елмен байланыстыруына мүдделі.

Қасиетті хадис: “Отанды сүю иманнан-дүр”, дейді. Елін сүю, Отанын қорғау қашаннан ер жігіттің парызы болған. “Отаншыл сезім жас ұрпақ бойына қайдан беріледі? “Отан от басынан басталады”, дейтін халықтың ұрпағы бұл сенімнен шыға алып жүр ме? Қазіргі күні жастарымыздың бойындағы отаншыл рух, патриоттық сезім қай деңгей де?” деген сауалдардың бізді ойландыруы заңдылық. Патриоттық сезім отбасынан басталады. Өкінішке қарай, нарықтық қатынастардың кеңінен орын алуы, ересектердің тәрбиеге жеткіліксіз көңіл бөлуі, ата-аналардың уақытының жетіспеушілігі мен қолдарының тимеуі отбасындағы жастар тәрбиесінің ролін түсірді. Әрине, мұндай жағдайларда өзінің ескі арнасын жоғалтқан патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру мен оған тәрбиелеудің жаңа жолға оңайлықпен түсіп кете алмасы анық.

Ел боламын деген мемлекеттер ең алдымен ұрпақ тәрбиесін бірінші орынға шығарған еді ғой. Ұл болашағы, ұрпақ тәрбиесінің діңгегі хақ дініміз исламда жатыр. Хадисте де, қасиетті Құран Кәрімде де отансүйгіштік туралы көп айтылады. Осыны санасына құйып өскен жас ертең өз Отанының нағыз патриоты болып шығатыны анық. Әйтпесе, бөгде ағымдардың жетегіне еріп, Отан қорғаудан жалтаратын жастардың саны уақыт санап өсе беретіні кәміл.
Кеудесіне “бұл менің елім, менің жерім” дейтін сенім ұялата білген жас қана өз елінің шынайы патриоты бола білмек. Ол үшін “баланы жастан” дейтін халық даналығын естен шығармасақ болғаны. Жас ұрпақты патриоттық, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу еліміздің өсіп-өркендеуі үшін қызмет ететіні еш күмән туғызбайды!

Мақсұт Молынбай

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>